БАЛА ҚҰҚЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА
Жалағаш аудандық прокуратурасының бастамасымен аудан əкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңейтілген комиссияның отырысы өтіп, онда балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыс уақытындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары талқыланды, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Комиссия отырысына аудандық прокуратура, денсаулық сақтау саласының, аудандық ішкі істер бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімінің, білім беру ұйымдарының басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері және ата - аналар комитетінің төрағалары қатыстырылды.
Отырыста тиісті органдарға балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық жайын назардын тыс қалдырмай, өрт, су қауіпсіздігі шараларын, басқа да жазатайым оқиғалардың алдын алуды күшейту, жазғы демалыс кезеңіндегі салауаттылықтарын арттыру тапсырылды.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, ойын-сауық орындарында болуына тосқауыл қою мақсатында аудандық прокуратура, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы, АІІБ-мен бірлескен рейд жұмыстарының қорытындысы жария етілді.
Рейд барысында Қазақстан Республикасының реттейтін заң талаптары түсіндіріліп, заңмен тыйым салынған уақытта, яғни сағат 23:30 шамасында алкоголь өнімдерін сатудың анықталған 1 дерек бойынша әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылған.
Аудан прокуроры С.Бодықов балалардың жазғы демалыс уақытында келеңсіз оқиғалардың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және салауаттылығын көтеру мақсатында аудандық білім бөліміне қарасты «Ақтерек» сауықтыру лагеріндегі жасөспірім балалардың құқықтарының сақталуы назардан тыс қалмағанын жеткізді.