ПУТИН ҚАЗАҚСТАНҒА 300 ГЕКТАР ЖЕРДІ ҚАЙТАРУ ТУРАЛЫ ҚҰЖАТҚА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанмен Ембі полигонын пайдалану және жалға алу туралы келісімді тоқтататын хаттамаға қол қойды, - деп хабарлайды РИА Новости.
Бұл полигон 1960 жылы КСРО Қорғаныс министрлігі әуе қорғанысы күштерінің әскери техника мен қару-жарақтың жаңа түрлерін сынақтан өткізу және пайдалану, оқу-жаттығу өткізу алаңы ретінде құрылған. Кеңес Одағы ыдыраған соң бұл жерді Ресей тарапы жалға алып келді. Сондай-ақ, Ресей тарапы ел экономикасы үшін шамамен жылына 718 мың АҚШ долларын үнемдейтіндерін жариялаған. Ембі полигонына қарасты болған Жем қаласындағы жылжымайтын мүліктер 2011 жылы қайтарылған. Ал полигон 2008 жылдан бері бос жатқан.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Ембі сынақ полигонын жалдау туралы Шартта жыл сайынғы жалға алу ақысы 4,694 миллион АҚШ долларына баламды соманы көрсетілген. Енді құжатқа сәйкес, 300 гектар жер Қазақстанға қайтарылады. Хаттама өз күшін 2017 жылдың 1 қаңтарынан жойды.
Айта кетейік, биыл 5 сәуірде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ембі полигонын Ресейге жалға беру туралы шарттың қолданысын тоқтату жөніндегі заңға қол қойған болатын.