ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ КЛУБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан құрылған журналистер мен сарапшылар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Уәлихан Ибраев БАҚ өкілдерін мерекемен құттықтап, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешованың алғыс хатын табыстады.
Кездесу барысында Елбасының жарлығымен еліміздің әр өңірінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған журналистер мен сарапшылар клубының жұмысын одан әрі жандандыру және дамыту бойынша ой-пікір, ұсыныстар айтылды.
Кездесу аясында клуб мүшесі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Ержан Байтілес әріптестерін мерекемен құттықтап, өз ұсынысын білдірді. «Біз қызығы мен қиындығы мол саланың қазанында қайнап, бір терінің пұшпағын илеп жүрген қауым өкілдеріміз. Біздің мақсат-мүддеміз де бір, ол еліміздегі татулық пен тұрақтылықты сақтау жолында аянбай еңбек ету. Клуб мүшелерінің ендігі отырысын осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, журналистердің шеберлігін шыңдай түсуге арнаған жөн», -деді.
Клуб отырысында басқа да БАҚ өкілдері мәселеге орай өз пікірлерін білдірді.