МАМАНДАР ТҮСІНДІРМЕ ЖАСАДЫ
Кеше Байқоңыр қаласы әкімшілігінің сайтында осы өңірден оба індетінің белгілері табылғандығы туралы хабарлама жарияланған болатын. Осыған орай облыстық ветеринарлық бақылау басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов пен облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жанабаев, обаға қарсы станция жетекшісі Алма Матжанова өңірлік коммуникация қызметінде брифинг өткізді.
Спикерлердің айтуынша, облыста обаның табиғи ошағы орналасқан аумақтар бар. Бұл аумақтарды 9 обаға қарсы күрес станциясы зерттеп, тұрғындар арасында оба ауруын болдырмау үшін эпидемияға қарсы шаралар кешенін жоспарлы түрде қолға алып келеді. Мамандардың айтуынша өңір аудандарымен қатар Қарағанды облысының Ұлытау ауданы аумағында мониторинг жүргізіледі. Осындай зерттеу жұмыстары кезінде Байқоңыр қаласынан 12 шақырым жерде табиғи ошақтың белсенділігі артқаны байқалған. Ол жерден ауланған кеміргіштерден оба қоздырғыштары табылып, анықталған эпизоозотия жайлы “Байқоңыр” кешені басшылығы хабардар етілген.