АРМАНСЫЗ АДАМ – ҚАНАТСЫЗ ҚҰСПЕН ТЕҢ
Шиелі ауданы Досбол би ауылының тұрғыны Біржан Ділманов «Әр қазақтың үйінде бір домбырадан болуы керек» деп есептейді. Өйткені, домбыра бүгінгі өскелең ұрпаққа атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрдің негізгі көзі болып табылады деп ойлайды. Біржан мектеп қабырғасында оқып жүргеннен бас-тап ағаштардан түрлі бұйымдарды жасап, қолөнерге қатты қызығады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, әкесінің шеберханасына жиі бас сұғатын жігіт ағаш шебері болуды армандайды. Арман қуалаған бозбала Алматы қаласына бет алып, «Шертер» компаниясында әкесінен үйренген тәжірибесін шыңдайды. Сегіз жыл аталмыш компанияда қызмет етіп, бұл өнерді ауылына келіп жалғастыруды жөн көреді.
Ауылға келген жігіт «Жетіген саз аспаптары» ЖШС-ін құрып, бір жарым жылдан бері шеберханасында домбыра жасаумен айналысып келеді. Өздеріне қажетті үйеңкі, қайың, полесандра, қызыл ағаш, бук ағаштарын еліміздің басқа аймақтарынан алдырып, тұтынушылардың тапсырысы бойынша домбыраны құрап та, шау¬¬ып та жасайды. Құрастырған домбыра 5-6 күн уақытты алса, шауып жасайтын домбыраның дайын болуы он бес күнге созылады. Осыдан-ақ ағаш шеберінің бір домбыраны жасауы үшін қанша күш жұмсайтынын байқауымызға болады. Ауылының төрт азаматын қасына жұмысқа алып, жасаған аспаптарын барынша сапалы етуге тырысады. Сол себепті бүгінде аспаптар сұранысқа ие.
«Домбыра, қыл қобыз, жетіген, прима қобыз, әлтьшетер, бас домбыра, контрабас прима домбыра сынды аспаптармен қатар, сандық, бесіктерді, естелікке беретін сыйлықтарды (сувенир) тағы сол сияқты ағаштан жасалатын барлық дүниелерді құрастыра береміз. Алдағы уақытта кәсібімнің ауқымын кеңейтіп, жұмысшылар санын көбейтсем деген жоспар бар», – деді Біржан. Дегенмен, кәсібін аудан орталығына алып келу үшін жер, қажетті техникаларын жаңарту үшін қаражат керек екенін де жасырмады.
osken-onir.kz