БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРДІҢ АЛҒАШҚЫ ЛЕГІ ДИПЛОМ АЛДЫ
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында бітіруші курс түлектеріне арналған диплом тапсыру салтанатты кеші өтті. Кешті университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов ашып, сөз сөйлейді.
Сондай-ақ университ ректоры үздік оқумен қатар, білім ордасының қоғамдық өміріне белсене араласып, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға лайықты үлес қосқан түлектерді алғыс хатпен марапаттап, университетті бітіруші магистранттарға диплом табыстады.
Биылғы оқу жылында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бакалавриат бойынша – 753, магистратура бойынша 207 білім алушы бітіргелі отыр. Диплом тапсыру рәсімінің алғашқы күнінде Филология, тарих және құқық, Инженерлі-технологиялық факультеттерінің 303 түлегі диплом алды.
Салтанатты жиын барысында ІХ Халықаралық Ескендір Хасанғалиевтің әндері байқауының жеңімпазы атанған Арайлым Махамбетжанова және университеттің 2006 және 2007 жылғы түлектері, елімізге, өңірімізге танымал өнерпаздар - Қорқыт Ата атындағы алтын медаль иегерлері "Тұран" тобы өнер көрсетті. Университеттің бітіруші түлектеріне арналған диплом тапсыру рәсімі екі күнге жалғасады. 27-28 маусым күндері Инженерлі-экологиялық, Жаратылыстану, Экономика және ақпараттық технологиялар және Педагогикалық факультеттердің бітіруші түлектерінің салтанатты кеші өтеді.