МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ САЛАСЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР БАЯНДАЛДЫ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Жанзира Ерсейтованың қатысуымен баспасөз-конференциясы өтті. Жиында сала бойынша жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтылды. Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері аймақта 910 конкурс пен аукцион жарияланған.
Жанзира Ерсейтова, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы
- Бірінші жартыжылдықта облыстық басқармалар мен қала, аудан әкімдіктеріне қарасты тапсырыс берушілер 43 млрд. 892 млн. теңгені құрайтын 910 конкурс пен аукцион жариялаған. Нәтижесінде 2 млрд. 12 млн. теңге үнемделген. 910 конкурс пен аукционның 152-сі облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасымен жүзеге асырылып, 95 аяқталған. Үнемделген қаржы 970 млн. 159 мың теңге.
Жанзира Қазиқызының мәлімдеуінше, уәкілетті орган 8 млрд. 206 млн. теңгені құрайтын 248 мемлекеттік сатып алудың күшін жойған. Бұған артық талаптардың қойылуы, әлеуетті өнім берушіге қатысты негізсіз шешім қабылдау, шарттық міндеттерді орындау мерзімінің сақталмауы және басқа да себептер негіз болған. Сондай-ақ, тапсырыс берушілер тарапынан қаржыны жоспарлау кезінде 136 кемшілік жасалған. Олар дер кезінде жойылды. Басқарма кемшіліктерге жол бермеу үшін әзірленген «Мемлекеттік сатып алуға мониторинг» және «Заңдылықты бұзушылықтар тізілімі» электронды бағдарламаларымен жұмыс жасайды.
Басқарма басшылығы алдағы уақытта уәкілетті органдармен және кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп семинар-кеңестер өткізілетінін айтты.