ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВТЫҢ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ
ФОТОБАЯН
Ағымдағы жылғы 28 маусымда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды. Жұмыс сапарының мақсаты - «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған міндеттердің іске асырылу барысымен танысу. Қызылорда облысы – елеулі экономикалық әлеуеті мен табиғи ресурстары бар аграрлық-индустриалды өңір. Облыста мұнай-газ саласы, уран өнеркәсібі және құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы дамып жатыр. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Арал маңына жұмыс сапарының алғашқы нысаны Сырдария өзеніндегі Қызылорда су торабы болды. Бұл құрылыс суаруға арналған суды жинауға мүмкіндік береді, соның арқасында Мемлекет басшысының суармалы егіншілік алқаптарын кеңейту бойынша қойған міндеті орындалады. Өңірдегі егін шаруашылығы суармалы жерлерде ғана жүргізіледі, ауыспалы егіске ағымдағы жылы 180 мың га тартылды, бұл өткен жылға қарағанда 10 мың га-ға артық. Суармалы егін шаруашылығы алқабын кеңейту гидротехникалық құрылыс, оның ішінде Қызылорда су торабы арқылы жүзеге асырылады. Облыстық балалар ауруханасын аралау барысында Бақытжан Сағынтаев емдеу мекемесінің жабдықталуымен танысты.
Көтерілген мәселелерге Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, ҚР қаржы министрі Б. Сұлтанов, ҚР АШМ бірінші вице-министрі Қ. Айтуғанов, ҚР ұлттық экономика вице-министрі С. Жұманғарин түсінік беріп өтті. Кәсіпкерлік дамыту бойынша кездесу нәтижелі болды – бизнес өкілдері проблемалық мәселелерді белгілеп, оларды шешу тетіктері жайлы білді. Әдеттегідей, кездесу фотоға түсумен аяқталды. Жаңа тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында Бақытжан Сағынтаевты Сырдарияның сол жағалауындағы құрылыс жобасымен таныстырды, жергілікті билік мұнда бірнеше жыл ішінде жаңа қала тұрғызуға ниетті.
Биыл өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2 211 пәтерден тұратын 40 көпқабатты үйді пайдалануға беру жоспарда бар. Жұмыс сапарының келесі бағыты – «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орны болды, оның аймақ үшін ғана емес, бүкіл республика үшін маңызы зор. Бақытжан Сағынтаев кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысын ЕҚДБ-ның қаржыландыруы туралы келісімге қол қою шарасына қатысты. Құрылыстың жүргізілу барысында мұнда 3 мың жұмыс орны ашылады, ал пайдалануға берілген соң 1,5 мың адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Кәсіпорын ұзақ уақыт бойы жұмыс істемеген еді, енді оны жандандыру бойынша нақты шаралар қабылданды. Бақытжан Сағынтаев кеніштің жай-күйімен және жүргізіліп жатқан тау-кен дайындық жұмыстарының барысымен танысу үшін шахтаға түсті. Жаңғырту кәсіпорынға 2019 жылдан бастап жыл сайын 2 млн тоннаға дейін мырыш кенін өңдеуге мүмкіндік береді, ал 2020 жылдың соңына қарай кәсіпорын толық жобалық қуатына – жылына 4 млн тоннаға дейін шығады. Ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жобаларының жүзеге асырылу мәселелерін талқылады.Қазіргі таңда өңірлердің, оның ішінде Қызылорда облысының киелі нысандарының тізімін жасау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Олар еліміздің «киелі жерлер белдеуіне» еніп, туризм индустриясын дамыту көзіне айналады.
Талқыланған тақырып бойынша өз пікірлерімен журналист, облыстық мәслихат депутаты Ш. Әбдікәрімов, жазушы А. Алматов және басқалары бөлісті.
Қызылорда облысында Ұлы Жібек жолының бойында тұрған Сығанақ қалашығына археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры К. Жетібаев қазіргі таңда Сығанақ аумағында мешіт-медресе мен нысанның солтүстік-шығыс бөлігінің қақпалары ашылып, тазартылғанын, қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылып жатқанын айтты. Қалашық республикалық маңызға ие ескерткіш болып табылады, ол ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасының алдын ала тізіміне енгізілген.Фото: primeminister.kz