ЖАҢАҚОРҒАНДА КӨШЕ ЖОЛДАРЫ ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП ЖАТЫР
Жаңақорған аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше Жаңақорған кентіндегі көшенің ұзындығы 156 305 метр. Кентте 148 көше бар. Хорасан ата, Абай және Әлшекей көшесі 3 200 метр болса, Н.Түршекұлы 2900 метр, Амангелді көшесі 2850 метрді құрайды. Кенттегі ең ұзын көшелерге әр жылдары асфальт төселді. Жалпы кенттегі көшенің 57 918 метріне асфальт төселсе, 56394 метріне қиыршық тас жайылды. Ал, 41 993 метріне әлі «өркенет» бара қоймаған. Себебі қара жол ретінде қиыршық тасты күтіп жатыр.
Осыдан үш жыл бұрын алты көшеге асфальт түссе, 2013 жылы кенттегі 10 көше асфальтанды. Ал, былтыр 8 көшеге заманауи леп барып, автокөлік жолы реттелген. Кент әкімдігінің мәліметіне қарағанда, биыл Молдағұлова көшесіне қаржы қаралып тұр.
Демек, алдағы уақытта 43 көше қиылысы мен жаңадан түскен көшеге асфальт түсетін уақыт алыс емес. Алайда, ауданда автокөлік санынын артуына байланысты көшелерге жаяу жүргінші жолын салуды алдағы уақытта ұмыт қалдырмаса игі. Бүгінде жаяу жүретін жолаушыларға бірнеше көшеде ғана ыңғайлылық бар.