СЕНБІЛІК ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ӨТКІЗІЛІП КЕЛЕДІ
Қызылорда облысы әкімінің өкімімен осы жылдың 11 наурыз және 10 мамыр аралығында екі айлық санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жарияланған болатын. Соған сәйкес облыстағы барлық елдімекендерде тазалық жұмыстары тиянақты жүргізілді. Тиісті орындар ұсынысына сәйкес сенбілік жұмыстары жаз маусымында да жалғасын тауып жатыр.
- Акция аясында әр сенбі сайын барлық мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдардың, кәсіпкерлік нысандар өкілдері, қала тұрғындары сенбілікке шығып, қала тазалығына үлес қосады, - деп хабарлады Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов.
Жұмыс жүйелі жүру үшін шаһар төрт секторға бөлінген. Сенбілік басталғалы бері полигонға 2370 текшеметр қоқыс пен тұрмыстық қалдық шығарылып, 13500 көшет егілді.
Облыс орталығының тазалығымен "Қызылорда тазалығы" ЖШС мекемесі тұрақты айналысуда. Мұнда 300-ге жуық жұмысшы үш ауысымда еңбек етеді.