ДҮРЛІГУГЕ ЕШ СЕБЕП ЖОҚ
Байқоңыр қаласы әкімшілігінің сайтында осы өңірден оба індетінің белгілері табылғандығы жайлы жарияланған хабарламаға орай бүгін өңірлік коммуникация қызметінде облыстық обаға қарсы станса жетекшісі Алма Матжанова брифинг өткізді.
Оның айтуынша облыста обаның табиғи ошақтары орналасқан аумақтар бар. Олар ұдайы қадағаланып, тұрғындар арасында оба ауруын болдырмау үшін эпидемияға қарсы іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізіледі. Кеміргіштер мен оба қоздырғышын тасымалдаушы бүргеде эпизоотия бар-жоғы жете зерттеледі.
Осындай зерттеу жұмыстары кезінде Байқоңыр қаласынан 12 шақырым жерде табиғи ошақтың белсенділігі артқаны байқалған. Ол жерден ауланған кеміргіштерден оба қоздырғыштары табылды. Анықталған эпиоозотия жайлы «Байқоңыр» кешені басшылығы хабардар етілді.
–Бірақ қала әкімшілігінің таратып отырған хабарламасы жаңсақ. Бұл төтенше жағдай емес, адамдарға қауіп те төніп тұрған жоқ. Сондықтан дүрлігуге де негіз жоқ деп білеміз,– дейді облыстық обаға қарсы станса жетекшісі Алма Матжанова брифинг барысында.
Жыл сайын обаға қарсы күрес стансалары осыған ұқсас эпизоотияларды анықтап, алдын алу шараларын жүргізіп отырады. Осындай жүйелі жұмыстар арқасында 2003 жылдан бері Қазақстанда тұрғындар арасында оба ауруы тіркелген жоқ.