ЖАЛАҒАШТЫҚ ТҮЛЕКТЕРГЕ ДИПЛОМ ТАПСЫРЫЛДЫ
Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің 117 оқушысы білім нәрімен сусындаған оқу ордасынан қанат қақты. «Жолың болсын, жас маман» атты диплом тапсыру салтанатты кешін аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов ашып, барша бітіруші түлектерді бүгінгі қуаныштарымен құттықтап, білікті маман иесі болуларына тілектестігін білдірді.
Сонымен қатар, кеш барысында ардагер ұстаз Г.Қаппарова, ата-ана Р.Сыздықова, колледж ұстазы С.Ақисаева және бітіруші түлек Ф.Төлек сөз алып, өз алғыстарын білдірді. Колледж директоры Ғ.Серікбаев 3 жыл бойы білім нәрімен сусындап, белгілі бір мамандық иелері атанған колледж оқушыларына диплом тапсырып, бірқатар озат түлектерді марапаттады.
Уақыт талабына сай білікті де, білімді маман әзірлейтін колледжді биылғы оқу жылында «Фермер шаруашылығы», «Дәнекерлеу ісі», «Электромонтер», «Үйлер мен ғимараттарды салу», «Аспаз» мамандықтары бойынша білім алған түлектер тәмәмдап отыр.
Салтанатты кеште әсем әндер әуелете шырқалып, бишілер мың бұрала би биледі.