ҚАЗАЛЫДА ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР ФОРУМЫ ӨТТІ
Бүгін Қазалы ауданында «Жас кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер» атты Қазалы ауданы жас кәсіпкерлерінің форумы болып өтті.
Форум аясында аудан әкімі Нажмадин Шамұратов, форум қонақтары жақында ашылған балаларға арналған ойын-сауық орталығының жұмысымен танысты.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Жеңіскүл Қыстаубаеваның «Расул» дәмхана кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Жас кәсіпкер қолға алған нысанның ашылуы арқылы 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.
Жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалы директорының орынбасары Ғабит Құлмахан, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Жасұлан Алдабергенов, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Байқоңыр өңірлік филиалының директоры Гүлжахан Ерімқызы, Қазалы ауданы бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттары туралы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Әліби Әбиев хабарлама жасады.
Форумға қатысушылар аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында іске асырылып жатқан бірнеше инвестициялық жобалармен танысты. Шағын кәсіпкерлікті дамытуда белсенділік көрсетіп жүрген бір топ жас кәсіпкерлер аудан әкімінің, облыстық салалық басқарма басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде бір ай мерзім оқу курсына қатысқан тыңдаушыларға сертификаттар тапсырылды.
Айта кетейік, аудан экономикасының дамуына оң ықпал етіп отырған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4330 бірлікті құрап, өткен жылдан 4,4 пайыз көлемінде өсу динамикасы қалыптасып отыр. Қазіргі уақытта тіркелген жеке кәсіпкерлік субектілерінің 13,5 пайызын жас кәсіпкерлер құрайды. Жас кәсіпкерлер саны - 581, өткен жылмен (469 бірлік) салыстырғанда 23,8 пайызға артық.
Аудандағы «Ірі қара өсіру кешені мен сүт өңдейтін зауыт», «Балық, күріш өнімдерін өңдеу зауыттары» және сапалы темір-бетон бұйымдарын шығаратын цехтарда жаңа технологияны меңгерген 60 жас маман жұмыс жасауда.
Сонымен қатар, ауыл жастарын қажетті мамандықтар бойынша оқыту бағытында «РЗА» АҚ тарапынан грант бөлініп, 12 жас ауылшаруашылық және ет-сүт өңдеу технологтары мамандықтары бойынша еліміз бен Ресейдің жоғарғы оқу орындарында білім алып (25 000 теңге шәкіртақысымен) жатыр. Өткен жылы Омбы қаласынан 3 студент бітіріп келді (2 инженер механик, 1 технолог). Олар келісімшарт бойынша аталған кәсіпорында 5 жыл жұмыс жасайды.