КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІ ЖҰМЫСҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Шиелі индустриалды-аграрлық колледжін жас мамандардың бір легі тәмәмдады. Ең қызығы, колледжді бітіріп отырған 183 түлекке дипломмен бірге жұмысқа жолдама табыс етілді, деп хабарлайды облыстық телеарна.
Оқу орнын бітіре сала жұмысқа кіріскелі тұрған маманның бірі – Тұрғанкүл Жұмабайқызы. Дипломды тігінші еңбек жолының сәтті басталарына сенімді.
- Үш жылда біраз нәрсе үйрендім. Оқытушыларыма ерекше алғыс айтамын. Бала кезден тігінмен айналысқанды ұнаттым. Осы іспен енді кәсіби маман ретінде айналысатыныма қуанамын, - дейді ол.
Аудан әкімі Қ. Сәрсенбаевтың айтуынша колледж еңбек нарығын ұдайы зерттеп, өңірдегі кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатқан.
- Бұл оқу орны біздің тұрақты әріптесіміз. Колледжде түлектерге сапалы білім беретіндігіне сенімдіміз, сондықтан да оларды маман ретінде жұмысқа қабылдауға мүдделіміз,- дейді «Инженерное бурение» компаниясының өкілі Д.Марданаев.