29 МАУСЫМДА ЕЛ АУМАҚТАРЫНДА ҚҰБЫЛМАЛЫ КҮН РАЙЫ САҚТАЛАДЫ
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты 29 маусым күні елдің басым бөлігінде құбылмалы күн райы сақталады. Кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейіп, бұршақ жаууы ықтимал. Республиканың тек батысы мен оңтүстігінде күн жауын-шашынсыз өтетіні күтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, күндіз Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейеді, бұршақ жаууы мүмкін.
Оңтүстік Қазақстан облысының жекелеген жерлерінде 15-20 м/с екпіндегі жел шаңды дауылмен бірге көтеріледі.
Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарының кей аумақтарында желдің жылдамдығы 15-20 м/с артады.
Күндіз Атырау, Ақтөбе облыстарында, Маңғыстау облысының кей жерлерінде қатты ыстық күтіледі.
Сондай-ақ күндіз Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстарының жекелеген жерлерінде жоғары өрт қаупі сақталады.