БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ЗИЯЛЫЛАР ҚАУЫМЫМЕН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» МАҚАЛАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
Қызылорда облысында Сығанақ қалашығын аралау кезінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңірдің ғылыми және шығармашылық зиялылар қауымымен кездесті. Онда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жобаларын іске асыру мәселелерін талқылады.
Саяси және экономикалық реформалардың негізі – қоғамдық сананың озық жаңғыруы болып табылады. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласының негізгі міндеттері: қоғамдық сананың ашықтығы, болашақ қазақстандық қасиеттерін тәрбиелеу, ең үздік дәстүрлерді және жаңа құндылықтарды дамыту, дәстүрлер мен мәдениеттің нарықтық қағидалар мен алдыңғы қатарлы технологиялармен үйлесуі.
Осыған орай, туған өлкені танып-білу мен ұлттық сәйкестікті сақтау арқылы адам бойында патриоттық сезімді тәрбиелеуге бағытталған «Туған жер» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобаларын іске асыру арқылы ұлттық сәйкестікті сақтаудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлу керек. Үкімет еліміздің әрбір өңірінің, сонымен қатар Қызылорда облысының, киелі нысандарының тізімін жасау бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Олар еліміздің «киелі жерлер белдеуіне» еніп, туризм индустриясын дамыту көзіне айналады.
Талқыланған тақырып бойынша өз пікірлерімен журналист, облыстық мәслихат депутаты Ш. Әбдікәрімов, жазушы А. Алматов, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Ә. Тәжекеев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері А. Сайлау бөлісті.
Қалашықты аралау кезінде археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры К. Жетібаев қазіргі таңда Сығанақ аумағында мешіт-медресе мен нысанның солтүстік-шығыс бөлігінің қақпалары ашылып, тазартылғанын, қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылып жатқанын айтты. Қалашық республикалық маңызға ие ескерткіш болып табылады, ол ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасының алдын ала тізіміне енгізілген.
www.primeminister.kz
Фото: primeminister.kz