ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ТБК ҚҰРЫЛЫСЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Қызылорда облысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шалқия қорғасын-мырыш кен орнын қалпына келтіру бойынша жұмыспен танысты және тау-кен байыту комбинатының (ТБК) құрылысын қаржыландыру туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шалқия қорғасын-мырыш кен орнын аралап, кеніш құрылысының жағдайымен танысу үшін шахтаға түсті.
«Тау-Кен Самұрық» АҚ басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағанбетов көп жылдар бойы тоқтап тұрған кәсіпорында тау-кен дайындық жұмыстары жүргізілгенін, инфрақұрылым нысандары мен әлеуметтік-тұрмыстық маңыздағы нысандар салынғанын баяндады.
Кәсіпорынды одан әрі дамыту мақсатында «Тау-Кен Самұрық» АҚ басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағанбетов пен ЕҚҚДБ-ның Қазақстандағы директоры Агрис Прейманис Шалқия кен орнының ТБК құрылысын қаржыландыру туралы келісімге қол қойды. Жобаны іске асыру 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын, ал құрылыс кезінде – шамамен 3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Жобаға сәйкес, 2019 жылдан бастап ТБК жыл сайын 2 млн тоннаға дейін мырыш кенін өңдей алады, ал 2020 жылдың соңына қарай толық жобалық қуатына – жылына 4 млн тоннаға дейін шығады. Комбинат жергілікті және шетелдік металлургия зауыттарына қорғасын концентратын жеткізетін болады.
Озық цифрлық технологияларды қолдану және кенді байыту бойынша өндірістік процестерді автоматтандыру шығарылатын өнімнің жоғары сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Кәсіпорында «цифрлық кеніш» жобасы енгізіледі және энергия тиімді жабдық қолданылады.
www.primeminister.kz
Фото: primeminister.kz