ҚЫЗЫЛОРДАДА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВТЕРІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ДАМУДА
Бүгін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов Қызылорда облысына жасаған сапары аясында бірқатар ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жұмысымен танысты.
Вице-министр Сырдария ауданындағы «Ақжарма и К» шаруашылығында болып, кооператив жұмысына оң бағасын берді. 2013 жылы егін және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру бағытында құрылған мекеме құрамында «Ақжарма Инвест» және «Ақжарма Агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері тұрақты жұмыс істеуде. Етті қайта өңдеу және консервілеу мен егін шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын кооперативтер мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып келеді.
Мұнан кейін Қайрат Қаппарұлы «Ақжарма и К» шаруа қожалығының «Нұрлы жол» сервистік қызмет көрсету орталығында болды. Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізі бойында орналасқан нысанда 20 орындық қонақүй мен 40 орындық асхана қызмет көрсетуде. Сонымен қатар мұнда техникалық жөндеу орталығы, дүкен, дәріхана мен шаштараз бар.
-Бүгін Қызылордадағы бірқатар кооперативтерді аралап шықтық. Аудандарда іске асырылып жатқан Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасындағы бірінші мәселе – жеке қожалықтардың басын қосып, кооперативтер құру болатын. Осы жылы Қызылорда облысында жоспар бойынша 19 кооперативті іске қосу керек болса, қазір, міне, жарты жылдың өзінде-ақ 27 кооператив ашылған. Бұл ретте, аймақтағы кооперативтердің жоғары деңгейде дамып жатқандығын көріп отырмыз. Қазір, міне, мал бордақылау алаңы мен сүт қабылдау бекеті ашылды. Сонымен қатар кездесу барысында кооператив төрағалары облыс орталығына жақын аудандарға Ресейден шағын зауыттар әкеліп, онда қаймақ пен ірімшік шығару туралы жоспарларымен бөлісті. Облыста ашылған кооперативтердің оң нәтижесін күзде көретін боламыз. Жұмыстардың басталғанына аз уақыт өткеніне қарамастан, бүгінгі күні бағдарлама халық арасында үлкен сұранысқа ие болуда,– деді Қ. Айтуғанов.
Мұнан өзге, Қызылорда облысына жасаған сапары аясында Қайрат Айтуғанов «Жан-Арай» ЖШС-нің жем шығару зауытының және «Көксу» жеке шаруашылығының жұмысымен танысты.