ТАЛПЫНҒАН ЖЕТЕР МҰРАТҚА
Білім сынағының барысында ең жоғары – 136 балл жинаған екі үміткердің бірі Жосалы кенті, Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің түлегі, «Алтын белгі» иегері Дәурен Отарбай.
Ол 2000 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Ал 2006 жылы О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектептің бірінші сыныбына қабылданған. Бастауыштағы пән мұғалімі Жолдыгүл Күзенбаева.
Осы мектептен бастауыш сыныпты үздік бітірген ол 2010 жылы Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің 5-сыныбына қабылданады. Дарынды түлектің ұстазы Ақмарал Тынысбекқызының айтуынша, Дәурен жасынан өте зерек болған. Аудандық, облыстық білім байқауларынан жүлделі орындар иеленіп жүрген ол республикалық КИО интернет олимпиадада биология пәнінен ІІІ дәрежелі диплом және республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасында 25 пайыздық «сертификат» иеленеді.
Сондай-ақ, Ресей Федерациясының оқу орындары үшін болған қабылдау емтиханына қатысып, Мәскеу қаласындағы Ұлттық Технологиялық зерттеу университетінің грантын жеңіп алды.
Баласының болашағынан зор үміт күтетін әкесі Ғазиз бен анасы Жұмакүлдің қуанышында шек жоқ. Ал Дәурен болса: «Менің бұл жетістігім – Гүлзира Еркебаева, Күлжахан Кемелбаева, Ақмарал Тынысбекқызы және Эльмира Абатова сынды ұстаздарымның еселі еңбегі» дейді.
Ғазиза ӘБІЛДА.