ҰБТ: АЙЗАТТЫҢ АСУЫ БИІК
Өткен аптада елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Аймақтағы 9 тестілеу пунктінде 4188 түлек емтихан тапсырды. Облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев облыс бойынша қорытынды балл 82,16 болғанын атап өтті. Облыстық «Білім-инновация» лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Айзат Әбдірәсіл және Қармақшы ауданы №250 орта мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Дәурен Отарбай 136 балл жинады.
«Алтын белгі» иегері Айзат Әбдірәсіл ұстаздарының үмітін ақтап, білім ошағының да беделін биіктетті. Әлбетте, ата-анасының қуанышы өз алдына. Сырдария ауданына қарасты А.Тоқмағанбетов ауылында туып-өскен Айзат бала күнінен бастап білімге құштар болатын. Әкесі Руслан – педагог, ал анасы Айгүл облыстық білім басқармасында есеп бөлімінің бас маманы. Сондықтан болар, бұл отбасында өсіп жатқан 4 бала үшін білім мен тәрбиенің орны бөлек. А.Тоқмағанбетов ауылындағы №135 орта мектептің табалдырығын 2006 жылы аттаған Айзаттың бастауыш сыныптағы ұстазы Құндызай Байзақова. Мұнан кейін №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицейінің (қазіргі «Білім-инновация» мектебі) 7-сыныбына конкурстық негізде қабылданды. Осында оқи жүріп, алғырлығымен көзге түскен талантты жас облыстық деңгейдегі бірнеше байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Ерекше дарындылығымен 4 тілді еркін меңгерген Айзат халықаралық деңгейдегі IELTS емтиханын тапсырды. Аталған емтиханнан 7 балл жинап, Назарбаев университетіне түскендіктен, Айзат ҰБТ тапсырмаса да болатын еді. Бірақ ол бағын сынап көргісі келді. Жыл бойы жүргізілген дайындық барысында 135-139 аралығында балл жинап келген Айзат ҰБТ сынағынан үздік шығып, ұстаздарының зор сенімін ақтап шықты. Арманның асқарына құлаш ұрған Айзаттың болашақта алар асуы биік боларына достары сенімді.