ӘУЕ КӨЛІГІНІҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙЕДІ
Биыл аймақтағы жолаушылар қатынасы саласында жаңалық көп. Соның бірі – облыс әкімдігімен бюджеттен тыс қаржы есебінен «Қызылорда қаласы әуежайының жаңа жолаушылар терминалы құрылысы» жобасының сметалық бағасы 7,5 млрд. теңгені құрайтын мемлекеттік сараптамадан өткізілген техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов мәлімдеді.
Бүгінгі күні, Қызылорда қаласында жаңа әуежай терминалының құрылысы жобасын мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы іске асыру жоспарланып отыр.
Осыған орай, облыс әкімінің бастамасымен қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің №871 қаулысы негізінде «Қорқыт Ата әуежайы» АҚ-ның мемлекеттік меншіктегі 100% акциясы республикалық меншіктен коммуналдық меншікке берілді.
- 2015 жылдың 14 желтоқсанында Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС - мен Қызылорда қаласында өткізу қабілеттілігі сағатына 250 жолаушыны құрайтын жаңа жолаушылар терминалы құрылысының МЖӘ жобасының тұжырымдамасын әзірлеу және жобаны сүйемелдеуге келісім шарт жасалды. Осы мақсатқа 2015-2017 жылдар аралығында «МЖӘ» ЖШС-нің атқарған жұмысы үшін облыстық бюджеттен 87 млн теңге қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде, - дейді басқарма басшысы.
Айта кетейік, МЖӘ жобасының тұжырымдамасы әзірленіп, оң қорытынды алынды. Бүгінгі күні, «МЖӘ» ЖШС-мен МЖӘ жобасының конкурс құжаттамалары мен жеке әріптеспен жасалатын келісім шарт жобасы әзірленуде.