НЕГІЗГІ АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНІМДЕРІНІҢ БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ
Жергілікті тұрақтандыру қорының жүйелі жұмысы арқасында аймақта азық-түлік өнімдерінің бағасы сақталып тұр.
- Инфляция деңгейі облыс бойынша 102,5, (оның ішінде азық-түлік өнімдеріне 103,9) ал республикада 103,3 пайыз (азық-түлік өнімдеріне 104,3) болып тұрғанына қарамастан аймақта негізгі азық-түлік өнімдері бағасы тұрақты сақталуда.Осы мақсатта Тұрақтандыру қорына облыс бюджетінен 1 млрд. 400 млн (биыл 200 млн) теңге бөлінді, - деді облыс әкімі ҚР Премьер-Министрінің сапарына орай экономиканы модернизациялау бойынша өткен жиында. .
Аймақ басшысы өңір экономикасындағы оң тенденция 1 тоқсанда жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызда ұстап тұруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Республика бойынша орташа көрсеткіш 4,9% болып отыр. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту үшін орта және шағын бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі атқарылуда.
Жиында облыс басшысы халықты жұмыспен қамту бағытында пікірін білдіріп, бизнес ашу үшін шағын несие алғандарды 2 жылға салық пен міндетті төлемдерден босату мүмкіндігін қарастыру жайлы ұсыныс айтты. «Бұл бағытта 2006 жылдан бастап шағын бизнеске бір жолғы салық жүйесін енгізген Өзбекстан тәжірибесін зерттеп көруге болады,» – деді аймақ басшысы. .