ҚЫЗЫЛОРДАДА КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ФОРМАТҚА АУЫСТЫРЫЛАДЫ
Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған тапсырмаларға сай бизнестегі әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Орталық ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша инженерлік желілерге рұқсат құжаттары мен техникалық шарттарды беру қызметтерін көрсетіп келеді.
Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың жұмыс сапары барысында аймақ экономикасын жаңғырту мәселелеріне арналған жиында мәлімдеді.
- Бұл қызметтер екінші жартыжылдықтан бастап электрондық форматқа ауыстырылады. Облыстағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірыңғай жол картасы қабылданып, оны іске асыруда қатаң бақылау мен үлкен жауапкершілік талап етіледі,- деді Қ.Көшербаев.
Бірыңғай жол картасы бойынша әрбір ауданның экономикалық бағыттағы маманданған салалары бекітіліп, кәсіпкерлікті дамытуға байланысты жүргізілетін мониторинг облыс әкімдігіндегі ахуалдық орталықтың базасына енгізілді. Бұл шаралардың барлығы сәйкесінше бюджеттің кіріс бөлігін толықтыруға, Жинақтаушы зейнетақы қорларын және медициналық сақтандыру жарналарын қамтамасыз етуге септігін тигізбек.