«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Журналистер мерекесі қарсаңында рухани жаңғыру мен қоғамдық келісімді нығайтуды қамтамасыз ету мақсатында Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер клубының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру: сананың ашықтығы» атты кеңейтілген отырыс өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай, Қазақстан Республикасы Ақпарат жəне коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің төрайымы Нұргүл Мауберлинова, БАҚ өкілдері, клуб мүшелері және ҚХА өңірдегі баспасөз хатшылары қатысты.
Отырыс барысында мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жүзеге асырылуында журналистер қауымының рөлі орасан екендігі, осы мақсатта «Рухани жаңғыру» арнайы сайты іске қосылатындығы мəлімденді. «Онда Елбасы мақаласында көрсетілген міндеттер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы жөніндегі мəліметтер көпшілікке ұсынылады. Қазақстанның қасиетті жерлері мен туристік орындары, «100 жаңа есім» жобасы бойынша жетістікке жеткен жастардың өмір жолы туралы деректерде сайтқа қойылады. Аталған сайт негізінен мəдени-ағарту бағытында жұмыс істейтін болады», – деді Нұргүл Мауберлинова.
Отырыс соңында этносаралық келісім тақырыбында қалам тербеген журналистерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Соның ішінде, рухани бірлікті, достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайтудың гуманистік мұраттарына қосқан белсенді еңбегі үшін Қызылорда облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Ержан Уәйіс Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының баспасөз хатшысы Әсел Абзалға ҚХА Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбайдың алғыс хаты табысталды.
Іс-шара соңында тележүргізуші Ерлан Игісінов, блогер Өркен Кенжебек, тележүргізуші Алевтина Мадиярова, корреспондент Руслан Ыдырысов және «Бірлік» радиобағдарламасының жүргізушілері Жанболат Шәкім мен Ольга Опарина журналистерге TEDx конференциясы форматында шеберлік сабақтарын өткізді.