БАЙҚОҢЫР МАҢЫНДА ОЙЫН-САУЫҚ ТУРИСТІК АЙМАҒЫ ҚҰРЫЛУДА
Бүгін селекторлық режімдегі Үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Байқоңырда» туристік аймақты дамыту жайында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз АҚШ-тағы ғарыштық туризмді зерттеп шықтық, яғни аталған елдегі ғарыш айлағына 3 миллионға жуық турист барады. Сондықтан Роскосмоспен бірлесе «Байқоңыр» туристік аймағын құру тұжырымдамасы әзірленді. Жалпы, тұжырымдама үкіметаралық комиссияда мақұлданды. Осы орайда тиісті ұсынысты 2023 жылға дейінгі Тұжырымдаманың жобасына енгіздік»,-деді Көшербаев.
Сондай-ақ ол бұл бағыт кластер емес, ойын-сауық туристік аймағы екенін нақтылады. «Біз онда «Қорқыт Ата» кешенін, «Қамбаш» көлін және мәдени мұраның басқа да нысандарын енгізіп отырмыз. Бүгінде 10-ға жуық компания осы туристік тұжырымдамамен жұмыс істеп жатыр»,-деді облыс әкімі.