ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНА 6,5 МЛРД БӨЛІНДІ
Қызылорда облысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға биыл 6,5млрд. теңге бөлініп, 102 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуден өткізу жоспарлануда. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов мәлімдеді.
Атап айтқанда 32 шақырым құрылыс және қайта жаңғырту, 70шақырым күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Сонымен қатар басқарма басшысы 3-көпір салынып, 2-көпірге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетіндігін атап өтті.
-Қазалы ауданының «Әлсейіт» учаскесінде Сырдария өзені арқылы көпір салынбақ. Оған 500 млн.теңге бөлінген. Құны 239,4 млн теңге болатын Сырдария ауданындағы «Бесарық елді мекеніне кіре беріс» автомобиль жолының Жаңадария каналындағы көпірдің құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар, Қазалы ауданындағы «Бозкөл-Тасарық» автомобиль жолының 22 км Қуаңдария өзеніндегі темір көпірдің құрылысына 103,3 млн теңге, Шиелі ауданындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойындағы 2 көпірге қайта жаңғырту жұмыстарына 55,8 млн теңге бөлініп отыр, - дейді басқарма басшысы.