ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗЫ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Мемлекеттік еңбек инспекторлары әр түрлі меншіктегі мекемелер мен кәсіпорындарды Қазақстан Республикасының еңбек заңнамаларының сақталуына жоспарлы, кешенді, жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, жалақыдан қарызы бар мекемелерді анықтап, мониторинг жүргізіп отыр.
Тексерулер нәтижесінде осы жылғы 1 тоқсанда 2 кәсіпорын бойынша 346 жұмыскерге 73 801 964 теңге жалақы қарызы қалыптасып отырғаны («Миниса Үміт» балабақша шағын орталығы 28 жұмысшыға - 5,4 млн.тг, «МЖЗ Шапағат» ЖШС 318 жұмысшыға - 68,4 млн.тг) белгілі болды. Мемлекеттік инспекция тарапынан жұмыс берушілерге осы олқылықты жою туралы ұйғарым беріліп, тиісті айыппұлдар салынды. Осындай жүйелі жұмыстар арқасында жыл басынан бері 32 кәсіпорындағы 1200 жұмысшыға 139,3 млн.теңгенің жалақы қарызы өндіріліп берілді.
Жалақының толық төленуіне жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда және де кәсіпорындардың жалақыға қарыздарын өтеу жөніндегі мәселелері тұрақты бақылауда.
Өткен жылы басқарма облыс көлемінде орналасқан барлық жұмыс атқарып тұрған кәсіпорын мен шаруашылық субъектілерінің жұмыс берушілері және кәсіподағымен бірлесе отырып, әлеуметтік шиеленістің алдын-алу және штат санын қысқартпау, жұмыс орнын сақтау мақсатында меморандумдар жасады.