ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ «ҚАНАТТЫ ҚАЛАМ» АТТЫ ФОРУМЫ ӨТТІ
Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің мерекесіне орай "Қанатты қалам – 2017" форумы аясында бірқатар республикалық және аймақтық БАҚ өкілдерін қабылдады.
Облыс әкімдігінде өткен кездесуде аймақ басшысы сала өкілдеріне деген құттықтауын жеткізді. Қоғамдық ойдың қазығы саналатын журналистердің жұмысы жайлы ойын саралады. БАҚ-тың ел дамуындағы маңызы жайлы мәнді пікірін білдірді.
Аймақ басшысы өз құттықтауында бұл мерекенің тарихын да таратты. Ел Президентінің баспасөз хатшысы қызметін атқарып жүргенде осы күнді белгілеу туралы Жарлықтың әзірленуіне үлес қосқанын мақтаныш тұтатынын жеткізді.
–Журналистердің «Барлық БАҚ меншік формасына қарамастан, өз халқының мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс» деген ұстанымына сай еңбек етіп келе жатқанын айта кетуіміз керек. БАҚ өкілдері жүзеге асып жатқан жақсы істермен қатар ортақ жұмыстың орайы келмей жатқан тұсын да көре біледі. Бұл билік үшін үлкен көмек.
Сөз қадірін терең ұғынған сала мамандарын құттықтай отырып, ұлт болып ұйысуымызға, мемлекет болып дамуымызға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.
Осыдан кейін облыс әкімі ел дамуына қалам қарымымен үлес қосып жүрген республикалық және аймақтық БАҚ өкілдерін түрлі номинациялармен марапаттады. Бірқатарына салалық министрліктің төсбелгісі табыс етілді.
Кездесуде «Сыр медиа» ЖШС бас директоры А. Оңғарбаев, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы С. Биқожа, «ҚазақстанҚызылорда» телеарнасы директорының орынбасары А. Қасымова мен «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы А. Абдуллаева саланың бұрынғысы мен бүгінгісі жайлы айтып, ортақ мәселе жайлы пікір өрбітті.
Жылы жүздесу әріптестеміз әзірлеген шағын концерттің нөмірмен түйінделді.