ҚАЗАЛЫДА БАҚШАЛЫҚ АЛҚАПТАР 600 ГЕКТАРҒА ҰЛҒАЙДЫ
Қазалы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов ауылдық округтерде болып, бау-бақша егісінің барысымен танысты.
Алдымен аудан басшысы Абай ауылындағы шаруалармен кездесіп, бақшалық жерлерді аралады. Мұнда биыл 30 ауыл тұрғыны 20 гектар жерге қауын-қарбыз еккен. Егін бригадирі Жүсіпәли Қалыбаевтың айтуынша, бақша өнімдерін егу үшін биыл барлық жағдай жасалған. Су айдайтын жаңа насос пен жаңа трактор беріліп, қоршау жұмыстары жүргізілген.
Бұдан бөлек, Абай ауылының тұрғындары үй іргелік жерлерінен де бақша егуді ертеден әдетке айналдырған. Солардың бірі Абуталип Бердіқұлов 15 жылдан бері бау-бақша күтімін қолға алған. Жасыл желегі жайқалған бауда 40 түп алма, 30 түп алмұрт, шиенің 11 түрі, басқа да көк өскіндер күтіп-бапталуда.
Н.Шамұратов аудан бойынша бақша дақылдарын мол көлемде егіп жатқан округтер - Ақжона, Алға, Майдакөл ауылдық округтеріндегі шаруалармен де жүздесті. Қазіргі таңда мұндағы ауыл халқының арасында бау-бақша егуге деген талпыныс өте зор.Ақжона ауылдық округі, Майдакөл ауылының тұрғындары Саин Сапаев пен Асқар Мұқашов 1,5 гектардан асатын жерге қауын-қарбыздың өтімді түрлері Колхозница, Жұлдыз, Жиеншар (торпедо), Валет дәндерін мамыр айының басында тастаған. Қазір өркен жайып, түйнек бере бастапты. Жалпы, Ақжона ауылдық округі бойынша биыл 78 гектарга қауын-қарбыз түрлері егілген.
Төртінші жыл осы іспен айналысып жүрген кәсіпкер Әсет Дүзбаев әкімдік тарапынан өнімді өткізу бойынша қолдау болатындығын естіп, биыл егіс көлемін ұлғайтқан. Өзі 20 адам біріккен «Майдакөл» кооперативіне төрағалық етеді. 70 га жердің 50 гектарына қауын-қарбыз түрлерін, қалған 20 гектарына көкөністер еккен. Оның ішінде аскөкті (укропты) өсіріп, дайын түрде қаптамалап сату мақсатында цех ашуды жоспарлап отыр. Және алдағы уақытта жылыжай салуға да жұмыс жасауда.
Ал Алға ауылдық округі, Ү.Түктібаев ауылында 2 кооператив құрылған. Бау-бақша егу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Жаңатал» және «Айтбай» кооперативтері 15 гектар жерді игеруде. Биыл 6 ауылға 6 МТЗ трактор, 6 тіркеме, 3 соқа және 3 дән сепкіш техникалары сатып алынған болатын. Соның бірі осы Алға ауылдық округіне берілген. Аранды, Майдакөл, Бозкөл, Сарыкөл, Өркендеу ауылдық округтерінің шаруалары да жаңа техниканың игілігін көруде.
Майдакөл ауылдық округі, Бекарыстан би ауылында биыл 52 гектар қауын-қарбыз егілуде. Оның 30 гектарын 33 адам біріккен «Мирас» кооперативі күтіп-баптауда.
Ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілердің бақша өнімдерін сыртқа экспортқа өткізу мақсатында аудан әкімі бастаған арнайы делегация Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына іссапармен барып қайтқан. Биылдан бастап ауданда өндірілген ауылшаруашылығы өнімдері Мәскеу қаласындағы сауда орталықтарына тасымалданып, тиімді бағамен өткізілетін болады. Сонымен қатар, Ақтөбе облысының 7 ауданымен де өнімдерді өткізу жөнінде әріптестік меморандумдарға қол қойылған.Сондықтан жыл сайын Қазалы ауданында бақша егуге білек сыбана кірісе беруге толық мүмкіндік бар.
Жалпы, биыл аудан бойынша бақша дақылдары егісін өндірістік негізде өсіру 600 гектарға ұлғайтылды.