АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ КООПЕРАТИВКЕ БІРІГІП ЖАТЫР
Қазалыдағы Өркендеу ауылдық округінде құрылған «Жанкент Ерасыл» кооперативіне 23 отбасы бірігіп, бақша егумен айналысуда. Округ бойынша биыл 135 гектар егіс болса, оның 40 гектарына аталмыш кооператив қауын-қарбыз еккен. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өткелбай Жолмырзаев бақша өнімдерін ұлғайту арқылы халықты табиғи әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз етуге болатынын айтады. Аудан әкімі бастаған бұл бастама жастарды еңбекке баулуға, масылдықтан арылуға, тұрғындарды жұмыспен қамтуға, қосымша табыс көздерін табуға мол мүмкіндік бермек.
Бозкөл ауылының тұрғыны Мінажат Қаниев жалғыз өзі 80 сотық жерге қауын-қарбыз бен асқабақ еккен. Жергілікті әкімдік жеткізіп берген бақша дақылдарының жаңа сорттарын еккен 72 жастағы қария өнімді егуден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықтағы барлық жұмыстардың үйлестірілгеніне қуанышты. Жалпы Бозкөл ауылдық округі бойынша егілген 54 гектар қауын-қарбыздың 25 гектары «Бозкөл» кооперативіне тиесілі.
Өңірде көкөніс, бақша өнімдерін егу барысымен танысқан аудан әкімі Н. Шамұратов Аранды ауылдық округі, Қожабақы ауылындағы шаруалар қауымымен кездесіп, пікірлесті. Округ бойынша биыл 60 гектар қауын-қарбыз, 5 гектар тары, 20 гектар картоп, 35 гектар көкөніс түрлері егілген. Және өзге ауылдардан ерекшелігі мұнда дақылдар көлемі, пісу ұзақтығы мен уақытына қарай кезең-кезеңімен егілуде. Округте құрылған «Кішкене ата» кооперативінде 25 адам бірігіп, бақша жұмыстарымен айналысуда.