ОҚУШЫЛАРЫМЫЗ ОЛЖАЛЫ БОЛДЫ
Биыл Қызылорда облысынан барлығы 21 бала республикалық, халықаралық фестиваль мен спартакиадалардың жеңімпаздары атанды.
Қызылорда облыстық білім басқармасынан хабарлағандай, ағымдағы жылдың 26-30 мамыр күндері Санкт-Петербург қаласында өткізілген мүмкіндігі шектеулі балалардың Х - «Шаг навстречу!» халықаралық шығармашылық фестивалінде өнер көрсеткен №6 есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының 4 оқушысы ым-ишаратпен ән айту, аспапта ойнау номинациясында жеңімпаз атанып 1 дәрежелі дипломның иегері болды.
Аталған мектеп-интернат оқушысы Сағи Мұхаммед 2016 жылы қарашада Степногорск қаласында өткен дельфийлік ойындарда алтын медаль иегері атанды.
Қызылорда облысынан ХІІ республикалық «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестивалі мен І республикалық спартакиадаға барлығы 45 бала қатысты. Фестиваль қорытындысы бойынша ән айту номинациясында Айзада Сауранбек І орын, Рано Сабанқұлова және Назым Абдулқасымқызы ІІ орын, би номинациясы бойынша №5 көру қабілеті бұзылған балалардың мектеп-интернатының бишілері ІІІ орын иеленді.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалар арасында спорт түрлері бойынша 1 рет өткізілген «Жұлдызай» республикалық спартакиадасына ер балалар арасынан асық атудан - І орын, үстел теннисінен – ІІ орын алса, командалық көрсеткіште қыздар арасынан қашықтыққа жүгіруден, бес тас ойынынан екінші орын тұғырынан табылды.
Фестиваль мен спартакиадаға қатысушылар Алматы қаласынан ерекше жетістіктермен оралды.
Қазақстан «Спешиал Олимпикс» қоғамдық бірлестігі және Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балалар арасында футболдан жарыс ұйымдастырылып, облыстардан 25 команда қатысты. Жарыста 16-21 жас аралығы бойынша №7 арнайы мектеп-интернатының оқушылары ІІ орынды иеленді.