СЕМИНАРДА ДӘСТҮР МЕН ДІННІҢ САБАҚТАСТЫҒЫ СӨЗ БОЛДЫ
Жалағаш ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Қайруллаевтың төрағалығымен семинар кеңес өтті. Семинарға аудан әкімінің орынбасары Ж. Тажмаханов, ақпараттық түсіндірме, ақпараттық-насихаттық топтың өкілдері, аудан ардагерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, мешіт имамдары қатысты. Шарада облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Е.Рүстемов «Зайырлы қоғам: конфессияаралық келісім мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі қоғамдағы дін мәселесіне кеңінен тоқталып өтті.
Сонымен қатар, «Дәстүрлі емес діни ағымдағы тұлғаларды анықтау және олардың белгілері» тақырыбында баяндама жасаған облыстық ішкі саясат басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Б.Камалов, діни ағымдардың ерекшеліктері мен белгілеріне, олардың бір-бірінен айырмашылықтарына және дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кетпеу жолдарына егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Ал «Сыр дидары» басылымының бас редакторы, ақпараттық-насихаттық топ өкілі С.Алдашбаев «Дәстүр мен дін сабақтастығы» атты баяндамасында қазіргі уақытта ұмыт қалып жүрген бірқатар салт-дәстүрлеріміздің мән-мағынасына жете бойлап, дәстүр мен діннің сабақтастығынан мол ақпар берді.