ТІЛШІЛЕР ОЙ ЖАРЫСЫНАН ТАРТЫСҚА ТҮСТІ
Журналистер мерекесіне орай бүгін «Сыр медиа» ЖШС БАҚ өкілдері арасында белгілі қаламгер, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Елібай Жікібаев пен жас журналист Сара Омарованы еске алуға арналған шахмат пен дойбы ойындарынан турнир ұйымдастырды.
Елібай аға Сыр журналистикасында өзіндік орны бар, кейінгі ізбасарларына үлгі тұтар аға болды. Еңбек жолын радиодан бастаған ол кейін газет ісіне етене араласты. 1999 жылдан «Караван» газетінің облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. 2001 жылы облыстың үздік журналисі атанды. 2011 жылдан өмірінің соңына дейін облыстық «Kyzylorda-news» интернет газетінің бас редакторы болды.
Ал Сара студент кезінен газет-журналдарда өндірістік тәжірибеден өтіп, өзін жақсы қырынан көрсете білді. Оқу бітірген соң республикалық «Әлімсақ» журналында тілші ретінде еңбек етті. Сонда жүріп біраз шыңдалды. Күні кешеге дейін облыстық «Ақмешіт жастары» газетінде жұмыс істеді.
Екеуі де жандары жайсаң, өте қарапайым, ақкөңіл еді. Айналасындағыларға қашанда мейірім төгіп жүретін. Әлі де үйретері көп деп үміт артқан Елібай аға мен болашағына зор сенім артқан Сара қызымызды еске алу мақсатында өткен турнирде «Сыр Медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаев, «Сыр Медиа» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы, ақын Ә.Рахымбекұлы және марқұм әріптестердің жақындары естеліктермен бөлісті.
Шарада өңір журналистері шахмат пен дойбы ойынынан өзара сынға түсті. Нәтижесінде шахматшы ер азаматтар арасынан облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Т.Қасымов жеңімпаз атанса, 2-орын «Қазақстан-Қызылорда" телеарнасынан Н.Батыршаевқа, ал 3-орын «Кызылординские вести" газетінен В. Скорняковқа бұйырды. Әйелдер арасында ақпараттық-талдау орталығының маманы Ә.Зұлпықароваға тең келер ешкім болған жоқ. Одан кейінгі орындарды «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Н. Сайлаубаева мен «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі М.Кенжеғұлова өзара бөлісті.
Ал дойбыдан ерлер арасында 1-орынға «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының журналисі А.Тәжиев лайық деп танылды. 2-орынды осы арнаның телеоператоры А.Меңдібаев, 3-орынды "Халық" газетінің тілшісі Р.Жахман алды. Әйелдер арасынан 1 орынды "Қоғам ТВ" тілшісі Ф.Мадиярова иеленсе, 2-орын "Қазалы" газетінен Қ. Ермекбаеваға, 3-орын "Кызылординские вести" газетінен А.Көбеевға берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ