ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ҚАЛАМГЕР ЕДІ
Белгілі қаламгер, кейінгі буын – шәкірттеріне ұстаз бола білген белгілі журналист Елібай Зұлқарнайұлы Жікібаевтың есімі оқырмандарға жақсы таныс. Сыр журналистикасында өзіндік орны бар қаламгер Елекең өткен жылдың күзінде 60 жасында дүниеден озған еді.
Елібай Зұлхарнайұлы 1956 жылы 14 қазанда Қостанай қаласында өмірге келді. Федоров ауданындағы Чапаев колхозында орта мектепті 1973 жылы тәмамдаған. Осы жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде әскер қатарына шақырылып, Амур облысындағы Байкал-Амур магистралінде азаматтық борышын өтейді. Әскерден соң Қостанай облысы Наурызым ауданындағы «Восход» аудандық газетінде қызмет атқарды. Сол жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушы қызметінде болғанымен, кейіннен өзінің сүйікті ісі журналистикаға оралады. 1987 жылы Арқалықтағы педагогикалық институттың филология факультетіне сырттай оқуға түседі. Елібай аға ғұмырын журналистика саласына арнады. Облыстық радио мен аудандық, кейін Қостанай және Торғай облыстық газеттерінде жемісті еңбек етті. 1991 жылы Сыр өңіріне қоныс аударып, әріптестерімен бірге «Байқоңыр» атты газет ашады. 1999 жылдан бастап «Караван» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болды. 2011 жылдан өмірінің соңына дейін жаңа медианың облыстағы алғашқы жаршысы – «Kyzylorda-news» интернет газетіне басшылық жасады.
Елібай аға өмірде барынша қарапайым еді. Жаны жайсаң, айналасындағы адамдарға қашан да мейірін төгіп жүретін. Кішіге қамқор болып, білгенін үйретуден жалықпайтын. Қазан айында 60 жасқа толуымен әріптестер болып құттықтап, тілегімізді жаудырғанда, «арнаулы датаны қарашаның басында тойлаймыз» деп балаша қуанып еді. Сол соңғы туған күні боларын білдік пе?! Соңғы рет сөйлескеніміз есімде...
Кешқұрым әріптесіміз Сараның қайтыс болғанын хабарлап қоңырау шалды. «Жап-жас, қыршын кетті-ау» деп қатты қиналды.. Ертесіне-ақ, ағаның жансақтау бөліміне түскенін естідік. Әлі-ақ, жазылып кетер деп үміттеніп едік. Олай болмады.
Елібай Зұлқарнайұлы өзінің осынау ғұмырында адамгершілікті жоғары қойып, өзінен кейінгі шәкірттеріне өнеге көрсетіп, қамқор болды. Ол үлкенге – кіші, кішіге –одан да кішік қалпын сақтай білді. Ағаймен бес жылға жуық бірге қызметтес болған уақытта қашан да өзінің тәжірибесімен бөлісіп отырушы еді. Біреуге ренжісек, бұлқан-талқан болып ашуланып жатсақ, ағай өзінің байсалдылығымен «несіне шаршайсың» деп қоя салатын. Сол кезде еңбек демалысына кетуім керек болатын. Бірақ ағай әртүрлі сылтаулармен жібергісі келмеді. Әр күн сайын шақырып алып, «Шынар, өте жауапкершілікпен қарайсың ғой» деп, жұмысын тапсырып кеткенін кейін ағай қайтыс болғаннан кейін білдім.
Лев Толстой айтпақшы «Өмір деген – өлім». Өмір дегеніміз – пендешілік тағдырыңа мойынұсыну немесе өзіңнің әлсіздігіңді сезіну ғана. Кімнің де көзден кеткен соң көңілден де көмескілене беретіні бар. Сондықтан да жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің мерекесі қарсаңында өмірден өтіп кеткен әріптес ағаларын еске алу турнирлерін өткізіп, аруақты құрметтеудің үлгісін танытып жүрген «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл да осындай бір игі шара бастап отыр. Бұл жолғы шахмат және дойбы сайысы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Елібай Жікібаев пен жас журналист Сара Омарованы еске алуға арналды.
Шынар БЕКБАН