БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖІТІ НАЗАРДА
Биыл Қызылорда облыстық білім басқармасының балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімі жасөспірімдер арасында репродуктивті денсаулықты сақтау, мектептердегі зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған әрекет ету мақсатында жобалар жүргізді. Осыған орай мектептегі зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы әрекет ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында «Валеология» пәнінің компоненттерін тереңдете енгізу бағытында біршама жұмыстар атқарылды.
«Мектептегі зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған әрекет ету» жобасы аясында арнайы курстардан өткен 10 пилоттық мектеп жұмыс жасауда. Жоба қорытындысы бойынша қауіпті топты анықтаудың 3 кезеңі анықталып, оған дер кезеңде мектеп тарапынан командалық көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жүйеленді. Білім басқармасының мәліметі бойынша жоба жүргізілген 4 айдың қорытындысы бойынша 100 жағдай тіркеліп, тиісті шаралар жүргізілді.
«Тұрмыстық зорлық зомбылықтың алдын алу» жобасы бойынша білім беру ұйымдарының психологтарына біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар ұйымдастырылса, алдағы уақытта әлеуметтік педагогтарға да семинар өткізіледі. Жоба қорытындысымен білім беру ұйымдарының психологтары мен әлеуметтік педагогтарына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізу, кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында білім мекемелерінің оң тәжірибесін жинақтап әдістемелік нұсқаулық тарату жоспарланды.
Басқарма мамандарының дерегінше бүгінде облыста 429 қолайсыз отбасы есепке алынды. Әрбір отбасыға әлеуметтік, медициналық-педагогикалық көмек көрсету мақсатында денсаулық сақтау басқармасы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы бірлескен бағдарлама жасалуда.