БАЛАЛАРДЫ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІММЕН ҚАМТУ 100 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ
Мемлекет басшысының ұрпақ болашағы үшін білім саласының алдына қойған 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту, үш ауысымдық білім беруді болдырмау, апатты мектептер орнына жаңа мектептер құрылысын салу жөніндегі негізгі үш тапсырмасы Қызылорда облысында толықтай орындалды.
Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, қазіргі таңда облыс бойынша 790-нан аса (542 балабақша, 249 шағын орталық) мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды, онда 52899 бала тәрбиеленуде.
Былтырғы жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі ұйымның желісі 79-ға өсіп, ондағы тәрбиеленушілер саны 5103 балаға көбейген. Оның ішінде 542 балабақшаның 158-і мемлекеттік. Облыс бойынша «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған жекеменшік балабақшаның үлесі 70 пайыздан асты.
2017 жылы 1-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі ұйыммен қамтылуы - 54,3 пайызды құраса, 3-6 жастағы балалардың қамтылуы 100 пайызға жетті.