ҚЫЗЫЛОРДАДА ҰБТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ
Еліміз бойынша ҰБТ тапсыру аяқталды. Біздің аймақтан 20-22 маусым аралығында 9 тестілеу пунктінде өткен басты сынаққа 4123 бала қатысты.
Алғашқы күні Қызылорда қаласы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарындағы тестілеу пунктерінде 1656 бала тестілеу сынағынан өтті. Орташа балл – 80,7. Республика бойынша орташа балл – 75,5 болды.
Ал 21 маусым күні Арал, Қазалы, Жалағаш, Шиелі, Қармақшы (Байқоңыр, Ақай, Төретам) аудандарындағы тестілеу пунктерінде 1714 сынаққа түсіп, орташа балл 84,4-ті (республика бойынша 78,23) көрсетті.
22 маусым күні Қызылорда қаласы, Сырдария ауданы және облыстық білім беру ұйымдарының 753 талапкері тестілеу сынағынан өтті. Орташа балл – 85,5.
Түлектер арасында 136 балл жинаған екі оқушы бар. Олар облыстық «Білім инновация» лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Айзат Әбдірәсіл және Қармақшы ауданы №250 орта мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Дәурен Отарбай.
Жоғары оқу орнына түсу үшін төменгі шекті 50 балдан кем жинаған талапкерлер саны 129 (3,2%) болды.
Үш күнгі тестілеу сынағының қорытындысы бойынша 6196 мектеп бітірушілердің ішінде 3868 (62,42%) талапкер жоғары оқу орнына мемлекеттік білім грантын иелену үшін конкурсқа қатыса алады.
Үш күнде де Ұлттық бірыңғай тестілеу пунктерінде оқыс оқиға, ереже талаптарының бұзылу деректері орын алған жоқ.