ЕЛБАСЫ ҚАЗАҚТАРДЫ ҚОЛДАЙТЫН «ОТАНДАСТАР» АТТЫ ҚОР ҚҰРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке "Отандастар" атты қазақтарды қолдау қорын құруды тапсырды", - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Шетелде жүрген немесе отанына қайтқан қазақтарды қолдау үшін "Отандастар" қорын құру керек. Үкіметке осыны тапсырамын. Өздеріңіз білесіздер осы 25 жылда экономиканың, саясаттың дамуына байланысты еліміздің біраз азаматы қалталы боп қалды. Біз әлеуметтік жағдайы жақсы халық болуға тырысып жатырмыз. Байлар көп болса, олар жұмыс орнын көп етеді. Біз солтүстік Кавказдан адамдарды қабылдадық, оларға өз есігімізді аштық. Енді қазақтарға неге басқаша қарау керекпіз? Мен бизнесмендерді өз үлесін қосуға шақырамын", - деді Қазақстан Президенті V Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында.
Елбасы осы құрылтайда қазақ тілін латын қарпіне көшіруді созбалаңға салмай қажеттігін атап өтті.
"КССР-де өмір сүрген қазақтар кириллицамен жазды, Қытайда тұрғандар - төте жазумен, Батыс елдеріндегілер - латын әрпімен жазды. Тіліміз бір болғанымен, үш түрлі жазумен жазып, кімнің не жазғанын түсінбедік. Бұл ұрпақтарымыздың жігін ажыратып жіберуі мүмкін еді, бұл бір жағынан, екінші жағынан - қазір ғаламтордағы техника мен ғылым жетістігінен алшақтатты. Мұны дұрыстау үшін жұмысқа кірістік. Қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі бізді біріктіре түседі", - дейді ҚР Президенті. "Жолдауымда мерзімді 2025 жыл деп белгіледім, бірақ, мұны созбалауға негіз жоқ деп ойлаймын. Ғалымдарымыз Түркияның, латын әліпбиіне өткен көршілеріміздің тәжірибесіне сүйене отырып, біздің әліпбиімізді жасай алады. Олардың кемшіліктерін ескеріп, өз әліпбиімізді жасауымыз керек. Бұл қиын емес, өйткені балалар бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқиды. Бізге қиын болмайды", - дейді Елбасы
Естеріңізге сала кетейік, Астанада маусымның 22 мен 25 аралығы қазақтардың V Халықаралық құрылтайы өтіп жатыр. Шараға 800 делегат қатысуда соның ішінде 39 мемлекеттен 350 адам келіп отыр.