23 МАУСЫМ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР КҮНІ
Дамыған мемлекет тек қана тиімді және кәсіби мемлекеттік қызмет негізінде құрылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесі ұзақ уақыт қалыптасу жолынан өтті. Бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіздігінің құрылуы мен нығаюына қосылған елеулі үлестер және оның тарихымен толыққанды мақтануға құқылымыз.
Мемлекеттiк қызмет – мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктерді атқару жөнiндегi қызметi. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет.
Мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы. Мемлекеттік қызметшілер күнін Қазақстанда атап өту мемлекеттік қызмет беделінің артуына ықпалын тигізеді. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы одан үлкен жауапкершілікті, өзін-өзі тұрақты бақылауды және төзімділікті қажет етеді. Азаматтардың мемлекеттік билікке деген көзқарасы және өмір сүру деңгейі мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасына тікелей байланысты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2003 жылы әр жылдың 23 маусымын мемлекеттік қызметшілер күні деп атап өту жөнінде ұйғарым жасаған болатын. Осыған орай «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» ҚР Президентінің Жарлығына 2013 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес 23 маусым – Мемлекеттік қызмешілер күні деп белгіленген болатын.
Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет. Сондықтан мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз қызметінің барлық жауапкершілігін толықтай сезініп, қызмет амалдарын жетік меңгеріп, өз ісінің білікті маманы болуы қажет. Өйткені, мемлекеттік қызметші – биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Осы орайда әріптестерімді шын жүректен «23 маусым – Мемлекеттік қызмешілер күнімен» құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бейбітшілік, өзара келісім, отбасыларыңызға амандық, халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріңізге сәттілік тілеймін!
Роза ХИЗАТОВА,
Қызылорда облысының қылмыстық істер
жөніндегі мамандандырылған ауданаралық
сотының бас маман-баспасөз хатшысы,
Заңгерлер Одағының мүшесі.