ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты шара болып өтті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
- Мемлекет басшысы да өзінің халыққа және қоғамға тынбай қызмет етуімен, Қазақстан мен қазақстандықтардың игілігі үшін жасап жатқан өлшеусіз еңбегімен бізге жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отыр. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – туған Отаны мен халқына адал қызмет етуімен бағаланады. Мемлекеттік қызметші ел сенімінен шыға білсе, одан жоғары мәртебе, одан артық бақыт жоқ деп есептеймін, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Салтанатты шара барысында мемлекеттік қызметке жақында қабылданған облыс әкімдігінің қызметкерлері салтанатты түрде ант қабылдады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың мамандары мен сала ардагерлері марапатталды.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру мақсатында өткен журналистер арасындағы шығармашылық байқаудың және мемлекеттік қызметшілердің облыстық спартакиадасының жеңімпаздары марапатталды.