МҮГЕДЕКТЕРГЕ БЕРІЛГЕН АРБАЛАР ЖАРАМСЫЗ БОЛЫП ШЫҚТЫ
Қызылорда облысында жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі жандарға сапасыз және жарамсыз құрал-жабдықтар табыс етілген. Мемлекет тарапынан тегін берілетін қозғалыс арбалары мен жүру құрылғылары мүгедектердің сұранысына мүлдем сай келмейді. Мәселен, бір ғана Сырдария ауданының өзінде жүзге жуық мұқтаж адамның құқығы бұзылыпты. Кембағал 5 бүлдіршінге жас шамасы мен дене пішіміне сай келмейтін жабдықьтар берілген, дейді «Хабар 24» телеарнасы.
Екіден енді асқан Аман есімді балақай сал ауруына шалдыққан. Оның үстіне оның көру қабілеті де нашар. Балғынның оңалуына ем-доммен қатар үздіксіз жаттығулар жасауы тиіс. Бұл үшін оған аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жетек арба берген еді. Бірақ ол ересектерге арналған болып шықты. Енді Аманның ата-анасы қажетті құралды ауыстыра алмай әлек.
-Кеше әлеуметтік қызметкерді жіберсем, ол ауыстырылмайды, келмей-ақ, әкелмей-ақ қойсын деп жіберіпті. Прокуратура адамдарымен бармасам, мені ешкім адам санына алмайтын шығар ол жақта. Дәрі де проблема бізде. Дәрігер нұсқауымен 250 гр азанда ішеміз, бізге беріп отырғаны 500 гр. Ұнтақтап бөлу мүмкін емес, көзге бөле саламыз, әр грамы балаға әсер етеді,–дейді Сырдария ауданының тұрғыны Шолпан Ақбергенова.
Сырдарияның 23 тұрғыны тегін берілетін дәрі-дәрмектен қағылып келген. Мәселен, Қоғалыкөл ауылының тұрғыны Майя Батышова демікпеге шалдыққан баласына тиісті «Серетид» дәрісін 5 айдан бері ала алмай отыр.
-Бұның бір флаконы әлеуметтік дәріханаларда 15 мың теңге, ал сатылымда 16 мың теңге. Басқа дәріні қолдана алмаймын, өйткені аллергиялық демікпем бар, мынау емдік дәрі. Осыны ғана қолдана аламын. Мамыр аяғында ғана 2 флакон Беродуал берілді, - дейді Майя Батышова.
- Ауданда 1210 мүгедек бар, оның 213-і – бала. Оның ішінде 433-і 1-топ, 486-сы 2-топ. Балаларға байланысты болсын немесе ересектерге байланысты болсын тегін дәрі дегенді мен соңғы уақытта ғана естідім, - деп отыр Сырдария аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Бақытжан Сауытбаев.
Байқағанымыздай аудан-ауыл тұрғындары әлі де болса мемлекеттік медициналық қолдаулар жөнінде біле бермейді. Сондықтан аудан прокурорлары атқарушы органдардың міндеттері белгіленген арнайы жадынама әзірлеп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға таратып шықты. Мүгедек жандарға қатысты тіркелген құқықбұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалар заң алдында жауап береді.
«Зерттеу жұмыстары нәтижесінде 94 мүгедек адамның, оның ішінде 44 мүгедек балалардың құқықтары бұзылғаны анықталып, аудандық прокуратура заңбұзушылықтар бойынша ұсыныстар енгізілді. Қарау нәтижесімен денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары және жұмыспен қамту мекеме басшылары, дәрігерлер барлығы да әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады», - деді Сырдария ауданының прокуроры Асхат Тәженов.
24.kz