МАЛ ҰРЛАҒАНДАРҒА АУЫЛДАСТАРЫ АЙЫП ТАҚТЫ
Жаңақорған аудандық прокуратурасы барымташыларға ауылдастарының да айып тағуына мүмкіндік беретін жаңа бастама көтерді. Прокуратура мамандарының пікірінше бұл мал ұрлығын азайтудың бір жолы болмақ.
Кеше Қожакент ауылдық округіндегі мәдениет үйінде 56 бас малды қолды қылған 14 ауыл тұрғынына ел алдында айып тағылды. Ауылдастарының ақ-адал малын түн жамылып қолды қылып отырған олардан келген шығын 10 млн. теңгеге жеткен.
Барымташылар сотына 250-ден астам ауыл тұрғыны келді. Көкейдегісін айтты, қолына кісен салынып отырған жерлестеріне аяушылық танытқандар аз болды. Тіпті барымташылардың туыстары да айыптаушылардың қатарына қосылып, жақындарының кінәсін бетіне басты.
Бұл бастаманы жүзеге асырушылар арасында пробация мен жергілікті полиция қызметі мамандары да болды.
Қазір ауданда мао ұрлығын болдырмаудың барлық шаралары қолға алынған. Әсіресе, қолды болған түлік көршілес облысқа өтіп кетпеуі үшін жергілікті полиция, ветеринарлық қызмет және ветеринарлық инспекция мамандарынан құрылған жұмысшы топ бекеттерді тұрақты бақылауға алған.