«ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН»
Дарынды балаларды қолдау бағытында Елбасы 1996 жылы арнайы «Дарынды балаларға арналған» бағдарлама бекітті. Сол уақыттан бері Қазақстанда дарынды балаларды қолдау бағытында түрлі оқу орталықтары мен білім ошақтары бой көтеріп, зияткер ұрпақты тәрбиелеудің жолдарына мән берілді. Десе де дарынды балаларды қолдау деңгейі аймақтық деңгейде толыққанды ашылып айтыла бермейді. 2017 жылдың 16 маусымындағы И.Әбдікәрімов атындағы жоғары аграрлы-техникалық колледжінің мәжіліс залындағы шара тек педагогтардың басқосу жиыны ғана емес, бұл білім саласын биікке шығаратын дарынды балаларды қолдаудың жаңа механизмдері мен ұсыныстарын айтуға мүмкіндік берді.
Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы, "ҚАЗАҚЫЛЫҚТЫҢ АТАМЕКЕНІ" қоғамдық қоры мен «Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қоры «Дарынды балаларды әлеуметтік-педагогикалық қолдау, оның ғылыми негіздері, жаңашылдығы, тәжірибелілігі» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Жиынға Қызылорда облыстық білім басқармасының мамандары, аймақтағы дербес білім беру ұйымдарының басшылары, ғалымдар мен педагогтар, психолог мамандар мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Негізгі мақсат – дарынды балаларды қолдаудың бүгінін бағамдап, бәсекеге қабілетті зияткер ұрпақ тәрбиелеудің жолдары мен проблемаларын талқылау. Дарындылық қабілетті арттыруда жаңа идеялармен бөлісу.
Дөңгелек үстел барысында ардагер-ұстаздар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушылары, тарихшы-әдебиетші ғалымдар Дастан Сәтбай, Айман Айтбаева, Күлшат Қамзаева, Білім беру ісінің үздігі Жұмабай Омарұлы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының бөлім бастығы Болат Махмутов, «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының директоры Қарлығаш Ақышева, облыстық №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернат директоры Балзия Абдуллаева, сарапшы-журналист Айткүл Шалғынбаева тақырып аясында сөз сөйледі.
Ортақ тақырып аясында ой бөліскен білім саласының мамандары дөңгелек үстел соңында ұсыныстарын жеткізіп, ой таразылады.