НАЗЕРКЕНІҢ КЕЗЕКТІ ЖЕҢІСІ
Жақында Қармақшы ауданындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің радиобайланысшысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Назерке Өмірғалиева Мәскеуден олжалы оралды.
Ресей Федерациясы астанасында өрт-құтқару спортынан өткізілген «Дружба» кубогы және «Золотая штурмовка» халықаралық жарысына ҚР ІІМ ТЖК құрамасы сапында қатысқан ол жауынгерлік қанат жаюдан ІІІ орынды иеленді.
22 жастағы спорт шебері Сыр елінің мақтанышы. Ол көрші мемлекеттегі халықаралық жарысқа қатысардан сәл бұрын ҚР 4-ші Жастар спорттық ойындарында 100 метрге жүгіруден ІІІ орынды жеңіп алып, жерлестерін қуантқан еді. Осы чемпионатта үздік үштіктен көрінген оған жанкүйерлер «Шишигинаның ізбасары, Зябкинаның болашақ бәсекелесі» деп баға беріпті.
1995 жылдың 5 сәуірінде Қызылорда қаласында дүниеге келген Назерке облыс орталығындағы №140 орта мектеп түлегі. Спортпен 2004 жылдан бастап айналыса бастаған.
Осыған дейін бірнеше турнирлердің жеңімпазы атанып үлгерген спортшы қыз жақында ғана ТЖК өрт-құтқару спортынан Шымкент қаласында өткен кубок федерациясының жарысында шабуыл сатысымен 2 қабатқа көтерілуден күміс жүлде иеленді.
Қызылорда облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ Қармақшы ауданы №5 өрт сөндіру бөлімінің радиобайланысшысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Н.Өмірғалиеваның арманы шынымен де асқақ, ол бұдан да биік белестерді бағындырсам деген мақсат қойып отыр.