АНАСЫН ӨЛТІРІП, 10 ЖЫЛҒА СОТТЫ БОЛДЫ
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен айыпталған 30 жастағы жігітке айыптау үкімі жарияланды.
2017 жылдың 30 наурызының таңында сотталушы А. өзінің тұрақты мекен жайы маңындағы дүкеннен 2 шөлмек спирттік ішімдік сатып алып, оны үй ауласындағы гараждар арасында отырып ішкен. Түскі мезгілде үйіне тәлтіректей оралған ол анасымен жанжалдасып қалады. Арақтан көзі тұманытқан ол анасына қол жұмсап, артынша асхана пышағын бірнеше мәрте сұғып алады. Алған дене жарақаттары салдарынан анасы қайтыс болған.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы А. ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуі белгіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.