АЛПЫС МЫҢ ШАБАҚ ҚҰТҚАРЫЛДЫ
Биылғы көктемнің соңғы екі айында Сырдария суы арнасынан — асып тасып жыра-жыра, өзектер мен қазан шұңқырлар суға толды. Аудан көлемінде су тасу қауіпіне орай қауіпті аймақтарда сақтық шаралары жасалды.
Мамыр айының соңын ала Сырдария суы деңгейі біршама төмендеп сабасына түсті. Су деңгейі түсісімен тасу кезінде жайылымдыққа шығып кеткен балықтар да дарияға қайта оралды. Десек те, барлық балық мекеніне оралмаған көрінеді. Оны Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік коммуналдық мекемесі қызметкерлерімен Байкенже ауылдық округіндегі Жауқашты өзегінде болғанда көріп көз жеткіздік.
Төл басылымға Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік коммуналдық мекемесі директорының орынбасары Мадияр Ержанов облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан арнайы хат келгенінен хабардар етті. Онда дарияның өз арнасына түсуіне байланысты сай – салада қалып қойған балық шабақтарын құтқару жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде жазылған. Осы хатқа сәйкес жауапты сала маманымен Сырдария бойын жағалап, тоғайлы жерлерді аралап, су түскен жыралар мен өзектерді тексеріп, мән-жайды көзбен көріп қайттық.
Байкенже ауылынан бұрылған көлік Сырдарияны бетке алып 6-7 шақырымдай жер жүріп, Жауқашты өзегіне жетіп, оны жағалай жүріп келеміз. Сәлден соң мекеменің орман күзетшілері Айбек Рахметов, Мағжан Қасымбеков, Қанат Тайыр мен автокөлік жүргізуші Қанат Шоманов бар балық шабағын ұстап жатқан жерге жеттік. Тізеге жетер жетпес ақаба судағы балықтардың да көлемі әртүрлі. Ең майдаларының ұзындығы 5 сантиметрдей болса, үлкендері 10-15 сантиметр аралығында. Жігіттер көлік қорабына жарымынан су құйылған екі бөшкеге ұстаған балық шабақтарын салып жатыр. 4-5 минутта бір шелек шабақ ұсталуда. Айналасы 1-1,5 сағатта екі бөшке де балық шабағына толды. Бұл күні шамамен 50-60 мыңдай шабақ құтқарылды.
Құтқарылған шабақтарды «Төлеу» шаруа қожалығының төрағасы алатын болып, жігіттер шабақтарын қожалыққа қарасты Жәшікөл көліне әкеліп жіберді. Бірнеше күннен бері лай суда жүзіп шаршаған шабақтар су бетінде 2-3 минуттай тыныстап, ес жиысымен су тереңіне қарай жүзіп кете барды.
Ал, Мадияр Ержанов алдағы бірнеше күнге балық шабақтарын құтқаруға жоспар жасап, оны жүзеге асыруға асығып бара жатты.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК