ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ҒАЛЫМДАР ИНЖЕНЕРЛЕР МЕН ҒАЛЫМДАРДЫҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КОНГРЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ
19-20 маусым күні Астанада «Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер және оларды жүзеге асыру әдістері» тақырыбындағы инженерлер мен ғалымдардың Дүниежүзілік конгрессі өтті.
Орталық Азияда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған конгресс WSEC ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің аясында өткізілді. Конгресті сыртқы істер министрлігі, энергетика, білім және ғылым министрліктері, сондай-ақ, Астана қаласының әкімдігі мен ЭКСПО-2017 қолдауымен ҚР ұлттық инженерлік академиясы және Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы ұйымдастырды, деп хабарлады университеттің баспасөз қызметінен.
Дүниежүзілік конгрестің негізгі мақсаты – жаһандық энергетика мәселелерінің, кадр дайындау, технология, құрастыру және инновация тетіктерін жаңа шешімдерін іздеу.
Форумға ғалымдар мен инженерлер, білім беру, бизнес салаларының өкілдері және әлемнің 51 елінен келген мемелекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың белді тұлғалары қатысты. Ғаламдық мәселені талқылауға зор мүмкіндік беретін Конгресс-орталықтың алаңында 300-дей баяндама жасалып, 80-ге жуық ғылыми таныстырылым өткізілді. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен Конгреске өз саласында ғылыми жетістіктерге жеткен және энергетика мәселелерін тереңнен зерттеп жүрген 19 ғалым қатысты.
21 маусымда конгрестің қатысушылары мен қонақтары үшін ЭКСПО-2017 көрмесіне экскурсия ұйымдастырылды. Жалпы Қазақстанның жоғары мектептерінің алдында жаңа міндеттер қойылатындықтан елді білім мен инновацияның орталығына айналдыру, халықаралық деңгейде қажетті инженерлік кадр мамандарын дайындау сынды нақты тапсырмаларды орындау үшін білім беру мазмұнына жаңаша көзқарас қалыптастыруда, инженерлердің заманауи технологиялар мен оларды дамыту қарқынын жоғарылатуына аталмыш шараның қосар үлесі зор.