«ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ»: ЖАҢА ЖОБА ҰРЛЫҚТЫҢ ЖОЛЫН КЕСЕДІ
Қызылорда облысының прокуроры Х.З.Дәуешовтің төрағалық етуімен «Қазақтелеком» АҚ әкімшілік ғимаратында ұрлықтың алдын алуда озық технологияларды пайдалану тиімділігі тақырыбында көшпелі үйлестіру кеңесі болып өтті, - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Наурыз айында ұрлықпен күрес жағдайы уәкілетті мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік Палатасы басшыларының қатысуымен облыстық прокуратураның алқа отырысында қаралып, бағыт бағдарлар беріліп, жеке меншік пен кәсіпкерлерлік объектілерін бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету туралы шаралар әзірленген болатын.
Отырыста облыс прокуроры статистикалық мәліметтерге де тоқталып өтті: биылдың өзінде бейнекамерамен жабдықталмаған 232 дүкеннен 21 млн. теңгеден астам сомадағы мүлік ұрланған. 1063 сауда орнының 149-ы немесе 14% ғана бейнебақылау камераларымен жабдықталған.
«Қазақтелеком» АҚ Қызылорда облыстық телекоммуникациялар дирекциясы бас директорының орынбасары А.Айсаева қоғамдық орындарда, кәсіпорындар мен көпқабатты үйлерде орын алатын құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Қазақтелеком» АҚ «Облачное видеонаблюдение» жобасын әзірлеп, ол ұрлық санын төмендетіп, азаматтардың қауіпсіздік жүйесін жетілдіріп, жаңа құқықбұзушылықтың алдын алуда септігін тигізетінін атап өтті.
Нақтыласақ, тұрғындар ай сайын төлемақы төлеп (350 теңге) смартфоннан онлайн-режим арқылы үй-жайларын бақылап отырады. Сонымен қатар, жеке кабинет арқылы мұрағат жазбаларын қарауға да мүмкіндіктері бар.
Талқылау барысында облыс прокуроры Х.З.Дәуешов ұрлықтың алдын алудағы жаңа тәсілдерге назар аударды. Азаматтар мен кәсіпкерлерді осы процеске қатыстыра отырып, инновациялық технологиялар мен шетелдің оң тәжірибелерін пайдалану қажеттігін айтты.
Мысалы, 5 жарым млн. халқы бар Сингапур қаласындағы қоғамдық жердің 90 пайызы бейнекамерамен бақыланады. Полиция қызметкерлері әрбір құқық бұзушылық орына барып, тексеру жүргізбейді. Барлығы сол бейне камера арқылы әшкере етіліп, тәртіп бұзған қылмысқа барған адамдардың жауаптылығы шешілуде.
Қазіргі таңда «Білім беру мекемелерінде құқықбұзушылықтың алдын алу» жобасы бойынша облыстың барлық мектептерінде бейнебақылау камералары орнатылып, нәтижесінде мектептерде бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ.
–Сондай-ақ, мал ұрлығына тосқауыл қоюда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жол торабында орналасқан аудандардың, ауылдардың кіретін және шығатын жолдарына бейне камералар орнату туралы бастама көтеріліп, облыс әкімімен қолдау тапты. Бүгінгі күні камералар орнатылып, енді ұрлық пен басқа да қылмыстар азаяды деген сенімдеміз, -деді облыс прокуроры Халидулла Дәуешов.
Жапония полициясының жұмыс тәжірибесін мысалға ала отырып, қоғамдық орындарда, сонымен қатар, Қызылорданың қылмысқа тәуекел учаскелерде стационарлық полиция пунктерін орналастыру жоспарлануда. Бұл Ресейдің Самара қаласында жүзеге асырылып жатқан тәжірибе. Осы жылдың наурыз айында облыс прокурорының орынбасары, ІІД бастығы және облыс әкімдігі аппаратының басшылығынан құралған самаралықтар тәжірибесін зерттеп, стационарлық полиция пунктерінің үлгісі мен жазбаларын алды.
Кеңесті қорытқан облыс прокуроры Х. Дәуешов қылмыспен күреске полициядан бөлек мемлекеттік органдар, кәсіпкерлік қоғамдастықтар, өз мүліктерінің сақталуына енжарлық танытпайтын қала тұрғындары үлес қосу қажеттігін атап өтті.
Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі