КӨРМЕ – КӨПТІҢ КӨЗАЙЫМЫ
«ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалаған, «Қызылорда Су жүйесі» мекемесінің әкімшілік шаруашылық бөлімінің басшысы Оңталап Қожахметұлы:
– «ЭКСПО-2017» көрмесі біздің елімізде алғаш рет өтіп отырған соң тарихи шараны көргіміз келді. Басшылық қолдау білдіріп, ару қала Астанаға «Қызылорда Су жүйесі» мекемесінен 25 адам келдік. Барлық елдің павильондарын тамашаладық. Әсіресе «Болашақтың энергиясы» деген ұранмен «Нұрлы Әлем» атты сферасы, яғни өзіміздің ұлттық павильонымыз қатты ұнады. Павильонның аумағы 5000 шаршы метр. Шар тәрізді ғимараттың 7 қабатында негізгі энергия түрлері: ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергия үлгілері көрсетілген. Ал ең жоғарыдағы сегізінші қабатта «Астана – болашақтың қаласы 2050» экспозициясын тамашалауға болады. Павильонда қазақ елінің тарихы және бүгіні мен болашаққа бағытталған жоспарларымен таныстық. Мәдени ойын-сауық бағдарламасы да жақсы өтуде. Сондай-ақ, әлем елдерінің түрлі тағамдарынан дәм таттық. Қалашықта 40-тан астам мейрамхана мен дәмхана жұмыс жасап тұр. Мұндай ауқымды шараны өткізу – ел мерейі.