СЫР СПОРТШЫЛАРЫ СӘТТІ ӨНЕР КӨРСЕТУДЕ
Жыл басынан бері Сыр спортшылары халықаралық бәсекелерде сәтті өнер көрсетіп, 25 медаль иеленді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жақсылық Оспанов хабарлады.
Қазір облыс бойынша жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар қатары 26,4 пайызға артып, олардың саны 203594 адамға жеткен. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту үшін бүгінгі күні мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс негізінде 133 елді мекенде 270 спорт нұсқаушысы азаматтарды дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді.
«Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2020 жылға қарай спортпен тұрақты шұғылданушылардың санын 30 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін спорт нысандарын көбейтуіміз керек. Осы ретте соңғы 3 жылда 9 спорт кешені пайдалануға берілсе, биылдың өзінде облыстық бюджет есебінен 7 елді мекенде спорт кешенінің құрылысы басталды» - деді сала басшысы.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері облыс спортшылары халықаралық сайыстарда сәтті өнер көрсетіп, Азия және Әлем чемпионаттарында 7 – алтын,
10 – күміс, 8 – қола медаль иеленді.